
Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан Гран-при сериясының халықаралық турнирінде күміс медаль иеленді.
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық спортшы жарысты сәтті өткізіп, финалға дейін жетті. Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде оған Жапонияның екі дүркін Олимпиада чемпионы Хифуми Абе қарсы тұрды.
Финалдық кездесуде тәжірибелі жапон дзюдошысы басым түсіп, Ғұсман Қырғызбаев турнирді күміс жүлдемен аяқтады.
Сонымен қатар 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елдос Сметов қола медаль үшін күресті. Алайда жүлде жолындағы белдесуде ол Ресей өкілі Аюб Блиевке есе жіберіп, турнирді жүлдесіз аяқтады.
Айта кетейік, Циндаодағы Гран-при турнирі халықаралық рейтинг үшін маңызды ұпайлар сарапқа салынатын беделді жарыстардың бірі болып саналады.



