
Қазақстан құрамасы Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан оқ ату спортынан жастар арасындағы әлем чемпионатында кезекті жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстандық мерген Асылым Жақия 25 метр қашықтықтан стандартты шағын калибрлі тапаншамен оқ ату бағдарламасында әлем чемпионы атанды. Ол жарыс қорытындысында 554 ұпай жинап, алтын медальді жеңіп алды.
Күміс жүлде 552 ұпай көрсеткен Үндістан өкілі Шауля Дилип Бхарнеге бұйырды. Дәл осындай нәтижеге қол жеткізген тағы бір үндістандық спортшы Рия Дуггал үздік үштікті түйіндеді.
Бұл алтын медаль Қазақстан құрамасының Зульдегі әлем чемпионатындағы үшінші жүлдесі болды. Бұған дейін әйелдер құрамасы стенд атудан командалық «трап» сайысында әлем чемпионы атанса, Ринат Казаченко нысана көздеуден күміс медаль жеңіп алған еді.



