ТРЕНДТЕФУТБОЛ

«Ақтөбе» әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының іріктеу турнирін қабылдайды

Әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы алғашқы іріктеу кезеңінің жеребесі өтіп, Қазақстан чемпионы – «Ақтөбе» футбол клубының қарсыластары белгілі болды.

Жеребе қорытындысы бойынша ақтөбелік команда 3-топқа түсті. Бұл топта Қазақстан чемпиондарымен бірге Исландияның «Брейдаблик», Швейцарияның «Серветт» және Беларусьтің «Динамо-Минск» клубтары өнер көрсетеді.

Мини-турнирдің барлық матчтары Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтеді. Осылайша, Қазақстандық клуб өз жанкүйерлерінің қолдауымен Еуропаның беделді клубтық турниріндегі маңызды кездесулерін өз алаңында өткізеді.

Турнир 5 тамыз күні жартылай финалдық ойындармен басталады. «Ақтөбе» алғашқы матчында исландиялық «Брейдабликпен» кездессе, екінші жартылай финалда «Динамо-Минск» пен «Серветт» өзара күш сынасады.

Финалдық және үшінші орын үшін матчтар 8 тамыз күні өтеді. Жартылай финал жеңімпаздары Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне берілетін жолдама үшін таласса, қалған екі команда үшінші орын тағдырын шешеді.

Мини-турнир жеңімпазы әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алады. Екінші орын иегері Еуропа кубогының екінші іріктеу кезеңіне өтсе, үшінші орын алған команда осы турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының бұл кезеңінде барлығы 19 клуб бақ сынайды. Іріктеу турнирлері шілде айының соңында басталғанымен, «Ақтөбе» қатысатын топтың матчтары ұйымдастыру ерекшеліктеріне байланысты тамыз айының алғашқы аптасына жоспарланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button