Қазақстан құрамасы эстафеталық жүгіруден Азия чемпионатын екі медальмен аяқтады

Қытайдың Шаосин қаласында өткен эстафеталық жүгіруден Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігін бір алтын және бір қола медальмен қорытындылады.
Алғашқы жарыс күнінде 4×400 метрлік аралас эстафетада Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Эльнор Мұхитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов және Аделина Земс 3:16.75 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып жетіп, алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар қазақстандық жеңіл атлеттер осы бағдарламада ел рекордын жаңартты.
Чемпионаттың соңғы күні әйелдер арасындағы 4×400 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасы бастапқыда төртінші нәтиже көрсеткен болатын. Алайда жарыс аяқталғаннан кейін Шри-Ланка құрамасы ереже бұзғаны үшін жарыс хаттамасынан шеттетілді.
Осының нәтижесінде Анна Шумило, Мария Шувалова, Аделина Земс және Александра Залюбовскаядан құралған Қазақстан құрамасы үшінші орынға көтеріліп, Азия чемпионатының қола жүлдесіне ие болды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Шаосиндегі құрлық біріншілігін екі медальмен – бір алтын және бір қоламен аяқтады.



