Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайды

Халықаралық конькишілер одағының (ISU) шешімімен Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайтын қала болып ресми түрде бекітілді.
Беделді халықаралық жарыс 2027 жылдың 9-14 ақпаны аралығында өтеді. Қазақстан астанасына Азия, Америка, Африка және Мұхит аймағының үздік мәнерлеп сырғанаушылары жиналып, құрлықтық біріншіліктің жүлделерін сарапқа салады.
ISU мәліметінше, бұл шешім Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың қарқынды дамуы мен спорт түріне деген қызығушылықтың артуына байланысты қабылданған. Оған 2026 жылғы Милан – Кортина-д’Ампеццо қысқы Олимпиадасында Михаил Шайдоровтың ерлер арасындағы жекелей сында тарихи алтын медаль жеңіп алуы да үлкен серпін берді. Олимпиада чемпионының жетістігі елдегі мәнерлеп сырғанаудың танымалдылығын жаңа деңгейге көтерді.
Төрт құрлық чемпионаты Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан өтетін ең ірі халықаралық жарыс болмақ. Бұған дейін еліміз 2011 жылғы қысқы Азия ойындары мен 2017 жылғы қысқы Универсиада аясында осы спорт түрінен халықаралық бәсекелерді жоғары деңгейде ұйымдастырған.
Халықаралық конькишілер одағының президенті Ким Джэ Ёль бұл шешімнің Орталық Азиядағы мәнерлеп сырғанау жанкүйерлері үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Біз Қазақстанда алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын өткізетінімізге қуаныштымыз. Бұл Орталық Азиядағы жанкүйерлерге әлемдік деңгейдегі жарысты өз көзімен тамашалап, үздік спортшыларға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл спорт түрінің танымалдығы айтарлықтай өсті және Астана жарысты жоғары деңгейде қабылдайтынына сенімдіміз», – деді ISU президенті.



