
Қазақстандық спортшы Виктор Друзин Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан әртістік жүзуден Әлем кубогының суперфиналында тағы бір жүлдеге қол жеткізді.
Бұл жолы қазақстандық спортшы еркін бағдарламада сәтті өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді. Финалдық сайыста ол 248.5525 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады.
Алтын медальді Ұлыбритания өкілі Ранджуо Томблин 255.9600 ұпаймен жеңіп алса, Италия спортшысы Филиппо Пелати 246.2639 ұпаймен қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Виктор Друзин Торонтодағы Әлем кубогының суперфиналында екінші рет жеңіс тұғырына көтерілді. Бұған дейін ол техникалық бағдарламада қола медаль жеңіп алған болатын.
Қазақстандық спортшының бұл нәтижесі ел құрамасының әртістік жүзудегі халықаралық аренадағы кезекті маңызды жетістігі болды.



