БОКСТРЕНДТЕ

Қазақстан құрамасы Әлем кубогын бес алтын медальмен аяқтады

Қазақстан құрамасы Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing ұйымының Әлем кубогының екінші кезеңін сәтті аяқтап, бес алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстан қоржынына түскен соңғы алтын жүлдені Айбек Оралбай иеленді. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық боксшы Германия өкілі Никита Путиловты жеңіп, турнир чемпионы атанды.

Осылайша, Қазақстан құрамасының алтын медаль саны бесеуге жетті. Бұған дейін Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін) және Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) де өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанған болатын.

Сонымен қатар Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты қола жүлдемен аяқтап, Қазақстан құрамасының медаль қорын толықтырды.

Осылайша, қазақстандық боксшылар Әлем кубогының екінші кезеңін бес алтын және үш қола медальмен қорытындылап, халықаралық турнирдегі үздік құрамалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button