
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымының Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медальдарын еншіледі.
54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Назым Қызайбай финалда Италия өкілі Сирин Чараабиден басым түсіп, турнир чемпионы атанды.
Тағы бір алтын жүлдені Виктория Графеева жеңіп алды. 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы шешуші жекпе-жекте Олимпиада чемпионы, Тайбэй өкілі Юй-Тин Лиді жеңіп, алтын медальді иеленді.
Осылайша, жарыстың осы сәтіндегі қорытынды бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын және үш қола медаль бар. Бұған дейін Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) қола жүлдеге ие болған еді.
Айта кетейік, 21 маусымда Қазақстан құрамасының тағы үш боксшысы – Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) Әлем кубогының алтын медальдары үшін финалдық жекпе-жектерін өткізеді.



