ДЗЮДОТРЕНДТЕ

Қазақстандық дзюдошылардың Grand Slam турниріндегі алғашқы қарсыластары белгілі болды

Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында өтетін Grand Slam сериясындағы халықаралық дзюдо турнирінің жеребесі тартылып, Қазақстан құрамасы спортшыларының алғашқы қарсыластары анықталды.

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан моңғолиялық Ариунболд Энхтайванмен кездессе, Мағжан Шамшадин алғашқы белдесуін Италия өкілі Бьяджо Анджеломен өткізеді.

66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев Оңтүстік Корея спортшысы Чон Сынбоммен белдеседі. Ақжігіт Насырдың алғашқы қарсыласы болгариялық Боян Йотов болады.

73 келіге дейінгі салмақта Есет Қуанов Бельгия өкілі Абдул Малик Умаевпен кездеседі. Ал Аңсарбек Ғайнуллин Румыниялық Иоан Дзитач пен Франция спортшысы Дайян Булемтафес арасындағы белдесудің жеңімпазымен күш сынасады.

81 келіге дейінгі салмақта Жалғас Қайролла Польша дзюдошысы Фабрициуш Тарковскиге қарсы татамиге шығады. Асқар Нарқұловтың қарсыласы Малайзия өкілі Амир Даниэль Масбин Абдул Маджид пен Қырғызстан спортшысы Шыңғысхан Сағыналиев арасындағы кездесуден кейін анықталады.

90 келіге дейінгі салмақта Нұржан Бисенов словакиялық Алекс Бартомен белдеседі. Айбол Нысанәлі болса БАӘ өкілі Арам Григорян мен Италия спортшысы Кристиан Парлати арасындағы белдесудің жеңімпазымен кездеседі.

100 келіге дейінгі салмақта Марат Байқамұров алғашқы айналымда моңғолиялық Лхагва-Очир Отгонсурэнге қарсы шығады.

Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тыңбаева Израиль спортшысы Тамар Малкамен кездеседі. Диана Бүркеева Түрікменстан өкілі Эджегыз Гельдыевамен күш сынасады.

52 келіге дейінгі салмақта Аружан Ережепова моңғолиялық Гал-Од Цэрэнтогтохпен белдеседі.

57 келіде Дана Әбдірова Түрікменстан спортшысы Майса Пардаеваға қарсы шықса, Дина Мұханбет Ресей өкілі Ирина Зуевамен кездеседі.

63 келіге дейінгі салмақта Самалай Ерғалиева мен Дәмеля Асылханова Германия спортшылары Сара-Джой Бауэр және Фридерике Штольцеге қарсы белдеседі.

78 келіден жоғары салмақта Камила Берліқаш Ресей өкілі Элис Старцевамен, ал Ақерке Рамазанова Әзербайжан спортшысы Мадина Каисиновамен татамиге шығады.

Айта кетейік, Ұлан-Батордағы Grand Slam турнирі 19-21 маусым аралығында өтеді. Дәл осы жарыстан бастап 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына ресми іріктеу кезеңі басталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button