ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатының плей-оффында Ирландиямен кездеседі

Әйелдер арасындағы 2027 жылғы футболдан әлем чемпионатына Еуропа аймағы бойынша іріктеу кезеңінің плей-офф жеребесі өтіп, Қазақстан құрамасының алғашқы қарсыласы анықталды.

Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан әйелдер құрамасы плей-оффтың бірінші кезеңінде Ирландия Республикасымен кездеседі. Екі матчтан тұратын текетірестің алғашқы ойыны 9 қазанда Қазақстанда өтсе, қарымта кездесу 13 қазанда Ирландияда ұйымдастырылады.

Плей-оффтың алғашқы кезеңінде Ұлттар лигасының А дивизионында екінші және үшінші орын алған құрамалар С лигасының топ жеңімпаздары мен үздік командаларына қарсы бақ сынайды.

Егер Қазақстан құрамасы Ирландияны екі ойынның қорытындысы бойынша жеңсе, екінші кезеңде Бельгия мен Польша құрамалары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Бұл матчтар 2026 жылдың 26 қарашасы мен 5 желтоқсаны аралығында өтеді.

Еуропа құрлығына 2027 жылғы әлем чемпионатына 11 жолдама бөлінген. Оның төртеуіне Дания, Франция, Германия және Испания құрамалары іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша тікелей ие болды. Қалған жеті жолдама мен құрлықаралық плей-оффқа берілетін бір орын плей-офф кездесулерінің нәтижесінде анықталады.

Айта кетейік, әйелдер арасындағы 2027 жылғы футболдан әлем чемпионаты 24 маусым мен 25 шілде аралығында Бразилияда өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button