ДЗЮДОТРЕНДТЕ

Қазақстан дзюдошылары Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын Grand Slam турниріне қатысады

19-21 маусым аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда дзюдодан Grand Slam сериясының кезекті турнирі өтеді. Бұл жарыс 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына ресми іріктеу кезеңінің басталуымен ерекшеленеді.

Олимпиадаға іріктеу екі жылға созылып, 2028 жылдың 12 маусымында аяқталады. Осы уақыт аралығында спортшылар рейтингтік ұпай жинап, әлемдік рейтингте жоғары орындарға көтерілу үшін күреседі. Әр салмақтағы үздік 17 дзюдошы Олимпиада жолдамасына ие болады.

Ұлан-Батордағы турнирге әлемнің 50-ден астам елінен жетекші спортшылар қатысады. Олардың қатарында Олимпиада және әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Сондықтан бұл жарыс маусымдағы ең беделді халықаралық додалардың бірі саналады.

Қазақстан құрамасы Grand Slam турниріне 20 спортшымен қатысады.

Ерлер құрамасында Аман Бақытжан, Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев, Ақжігіт Насыр, Есет Қуанов, Аңсарбек Ғайнуллин, Жалғас Қайролла, Асқар Нарқұлов, Нұржан Бисенов, Айбол Нысаналы және Марат Байқамұров өнер көрсетеді.

Әйелдер арасында Ғалия Тыңбаева, Диана Бүркеева, Аружан Ережепова, Дана Әбдірова, Дина Мұханбет, Самалай Ерғалиева, Дәмеля Асылханова, Камила Берліқаш және Ақерке Рамазанова ел намысын қорғайды.

Қазақстан құрамасының бірнеше спортшысы биыл халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Жалғас Қайролла мен Марат Байқамұров Астанада өткен Grand Slam турнирінде чемпион атанса, Нұрқанат Серікбаев Тбилисидегі Grand Slam жарысының жеңімпазы болды. Ал Аман Бақытжан Париждегі турнирде қола медаль жеңіп алған еді.

Ұлан-Батордағы жарыс қазақстандық дзюдошылар үшін тек жүлде ғана емес, Лос-Анджелес Олимпиадасына апарар жолдағы алғашқы маңызды рейтингтік ұпайлар үшін де үлкен мүмкіндік болмақ. Сондықтан алдағы үш күнде татамиде өте тартысты белдесулер күтіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button