ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан U-19 құрамасының Еуро-2026/27 іріктеу кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды

Швейцарияның Ньон қаласында 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының 2026/27 маусымындағы екінші іріктеу кезеңіне жеребе тарту рәсімі өтті.

Жеребе нәтижесінде Қазақстанның U-19 құрамасы А лигасының екінші тобына түсті. Қазақстандық жасөспірімдер іріктеу кезеңінде Бельгия, Шотландия және Косово құрамаларымен кездеседі.

Турнир матчтары 11-17 қараша аралығында Шотландия аумағында өтеді. Қазақстан құрамасы келесі кезеңге жолдама алу үшін өз тобындағы жоғары орындардың бірін иеленуге тырысады.

Ереже бойынша А лигасының екінші кезеңінде әр топта алғашқы үш орын алған құрамалар іріктеу турнирінің үшінші кезеңіне өтеді. Оларға В лигасы топтарының жеңімпаздары қосылады.

Үшінші кезеңде 28 құрама төрт командадан жеті топқа бөлінеді. Әр топтың жеңімпазы финалдық кезеңге жолдама алып, жарыс қожайыны Чехия құрамасына қосылады.

Айта кетейік, Қазақстанның U-19 құрамасы жақында ғана Еуропа чемпионаты іріктеуінде сәтті өнер көрсетіп, Португалиямен тең түсіп, Сербияны жеңген болатын. Енді жасөспірімдер құрамасын жаңа кезеңде тағы бір маңызды сынақ күтіп тұр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button