
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына қабылдануымен құттықтады.
Мемлекет басшысы бұл оқиғаны Қазақстан спорты үшін тарихи жетістік деп атап өтті. Оның айтуынша, Геннадий Головкиннің есімінің Халықаралық бокс даңқы залына жазылуы отандасымыздың әлемдік спорттағы ерекше орны мен зор беделін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Президент сондай-ақ атақты боксшының Қазақстанның халықаралық аренадағы оң имиджін қалыптастыруға және ел беделін нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Геннадий Головкин тек чемпион ғана емес, Қазақстанның мақтанышы әрі әлемдік спорт қауымдастығындағы беделді өкілі болып саналады.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Головкиннің жетістіктері жас спортшыларға шабыт беретінін атап өтіп, қазақстандық жастардың да оның жолын жалғап, халықаралық аренада жаңа белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Геннадий Головкин жуырда АҚШ-тың Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі атанып, мұндай мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық боксшы ретінде тарихқа енді.



