БОКСТРЕНДТЕ

Қазақстандық боксшылардың Әлем кубогындағы алғашқы қарсыластары белгілі болды

Қытайдың Гуйян қаласында өтетін бокстан Әлем кубогының екінші кезеңіне жеребе тартылып, қазақстандық спортшылардың алғашқы қарсыластары анықталды.

Ерлер арасындағы жарыста 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай Гонконг өкілі Кин Хиу Тан мен Қырғызстан боксшысы Анварэан Ходжиев арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі.

55 келіде Тимур Қабдешов бразилиялық Келви Триндадиге қарсы шығады. Серік Теміржанов (60 келі) алғашқы кездесуін Германия өкілі Денис Брильге қарсы өткізеді. Ал Санатәлі Төлтаев (65 келі) әзербайжандық Малик Хасановпен қолғап түйістіреді.

70 келі салмақта Абылайхан Жүсіповтің қарсыласы Бразилия боксшысы Кайан Рейс болса, 75 келідегі Тимур Нұрсейітов Ирландия өкілі Тиг О’Доннеллмен күш сынасады.

80 келіге дейінгі салмақта Сабыржан Аққалықов Қытай боксшысы Ван Сяобаомен кездеседі. Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай (90 келі) алғашқы жекпе-жегін Оңтүстік Корея спортшысы Ким Гичэге қарсы өткізеді. Ал аса ауыр салмақта Айбек Оралбай АҚШ өкілі Наджай Райтпен жұдырықтасады.

Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова (51 келі) Колумбия өкілі Ирисмар Кардосо мен Таиланд боксшысы Чутхамат Раксат арасындағы кездесудің жеңімпазымен қолғап түйістіреді.

Назым Қызайбай (54 келі) алғашқы айналымда Оңтүстік Корея спортшысы Им Эджимен кездеседі. Виктория Графеева (60 келі) Канада өкілі Мария Аль-Ахмадие мен оңтүстіккореялық О Ён Джи арасындағы жекпе-жектің жеңімпазын күтеді.

65 келі салмақта Аида Әбікеева АҚШ боксшысы Мария Росендо мен моңғолиялық Цэцэгдари Мягмарсурен арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасады.

Лаура Есенгелді (70 келі) испаниялық Дуния Мартинес Масқа қарсы рингке шығады. Наталья Богданова (75 келі) қытайлық Бао Цзыимен кездессе, Валерия Аксенова (80 келі) Франция өкілі Давина Мишель мен өзбекстандық Рухшона Парпиева арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен күш сынасады.

Ал аса ауыр салмақта өнер көрсететін Дина Исламбекова алғашқы кездесуін Ирландия боксшысы Клиона Дарсиге қарсы өткізеді.

Айта кетейік, бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы жарысқа толық құрамға жуық қатысып, жүлделі орындар үшін таласады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button