
Қазақстан құрамасы Арменияның Ереван қаласында өткен European Youth Gran Prix халықаралық турнирінде табысты өнер көрсетіп, бес жүлде еншіледі.
15 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жекелей сында Арслан Орманов қарсыластарынан озып шығып, турнир чемпионы атанды. Ал Вероника Моисеенко финалға дейін жетіп, күміс медаль жеңіп алды.
Вероника Моисеенко жұптық сында да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл бағдарламада ол екінші орын алып, тағы бір күміс медальді қоржынға салды.
Жұптық жарыста Арслан Орманов қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Арслан Орманов пен Вероника Моисеенко аралас жұптар сайысында үшінші орын алып, Қазақстан құрамасына тағы бір медаль сыйлады.
Осылайша, қазақстандық жас бадминтоншылар Еревандағы халықаралық турнирді бір алтын, екі күміс және екі қола медальмен аяқтап, жоғары нәтиже көрсетті.



