БОКСТРЕНДТЕ

Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді

АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде қазақстандық бокс аңызы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының мүшесі атанды.

Осылайша Головкин Қазақстан тарихында International Boxing Hall of Fame қатарына қабылданған алғашқы спортшы ретінде ел спортының тарихына енді.

Даңқы залына қабылдану кәсіби бокстағы ең жоғары марапаттардың бірі саналады. Геннадий Головкин бұл мәртебеге алғашқы мүмкіндігінде-ақ қол жеткізіп, өзінің әлемдік бокс тарихындағы ерекше орнын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Енді қазақстандық чемпионның есімі бокс тарихындағы ең танымал тұлғалармен қатар аталады. Олардың қатарында Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сияқты спорт саңлақтары бар.

Геннадий Головкин кәсіби мансабында орта салмақта ұзақ жылдар бойы әлемдік бокстың көшбасшыларының бірі болып, бірнеше беделді чемпиондық белбеуді иеленді. Оның жарқын жеңістері мен әсерлі мансабы әлемдік бокс қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Халықаралық бокс даңқы залына қабылдануы Головкиннің спорттағы мұрасын ресми түрде мойындаған тарихи оқиға ретінде бағалануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button