
Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан садақ атудан Әлем кубогының үшінші кезеңінде Қазақстан құрамасы тағы бір жоғары нәтиже көрсетті.
Блокты садақ атудан аралас командалар арасындағы жарыста Виктория Лян мен Ақбаралы Қарабаев ширек финалға дейін жетіп, үздік спортшылар қатарына енді.
Қазақстандық жұп жарыс барысында Малайзия мен Германия құрамаларын жеңіп, ширек финалға жолдама алған болатын. Алайда жартылай финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде олар Мексика құрамасымен кездесіп, 155:158 есебімен жеңіліп қалды.
Турнир қорытындысы бойынша Виктория Лян мен Ақбаралы Қарабаев алтыншы орынға тұрақтады.
Айта кетейік, бұған дейін әйелдер арасындағы командалық жарыста Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова жетінші нәтиже көрсеткен еді. Ал ерлер арасындағы командалық сайыста Ақбаралы Қарабаев, Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютюн үздік ондыққа еніп, жарысты оныншы орынмен аяқтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Антальядағы Әлем кубогы кезеңінде бірнеше бағдарлама бойынша үздік ондыққа кіріп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.



