
Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіндегі алғашқы қарсыласы белгілі болды.
Жеребе қорытындысы бойынша қазақстандық теннисшілер ширек финалда Испания құрамасымен кездеседі. Қарсыластар арасындағы матч жеңімпазы жартылай финалға жолдама алады.
Финалдық кезеңнің ширек финалындағы қалған жұптар да анықталды. Италия құрамасы Қытаймен кездессе, Украина мен Бельгия өзара мықтыны анықтайды. Ал Чехия құрамасы Ұлыбритания теннисшілерімен ойнайды.
Ширек финал жұптары:
- Қазақстан – Испания
- Италия – Қытай
- Украина – Бельгия
- Чехия – Ұлыбритания
Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі 22-27 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі командалық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Енді ұлттық құрама беделді турнирдің шешуші кезеңінде жүлде үшін таласады.



