ISU тарихта алғаш рет төрт әлем чемпионатын бір қалада өткізеді

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2028 жылы жүзеге асырылатын ауқымды BEIJING28 жобасын ресми түрде таныстырды. Жоба аясында бір қалада бірден төрт әлем чемпионаты өтеді.
Тарихи шешім қазіргі уақытта Испанияның Тенерифе қаласында өтіп жатқан ISU Конгресінде жарияланды. Жаңа формат бойынша 2028 жылы Қытай астанасы Бейжің мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек және синхронды сырғанау бойынша әлем чемпионаттарын қабылдайды.
ISU мәліметінше, мұндай формат халықаралық федерация тарихында алғаш рет ұйымдастырылмақ. Жобаның басты мақсаты – спортшыларды, жанкүйерлерді, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және серіктестерді бір ірі спорттық шара аясында біріктіру.
Жарыстар Бейжіңдегі 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары кезінде пайдаланылған нысандарда өтеді. Атап айтқанда, National Indoor Stadium, Capital Indoor Stadium және National Speed Skating Oval ареналары әлем чемпионаттарының негізгі алаңдары болады.
Спорттық бағдарламадан бөлек, ұйымдастырушылар қала көлемінде түрлі мәдени және ойын-сауық шараларын өткізуді жоспарлап отыр. Жанкүйерлер үшін арнайы фан-аймақтар, спортшылармен кездесулер, интерактивті цифрлық жобалар және мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ әлем чемпионаттарының жарыс бағдарламасы аяқталғаннан кейін дәстүрлі ISU Skating Awards марапаттау рәсімі өтеді.
BEIJING28 жобасы қысқы спорт түрлерін дамытуға және әлем чемпионаттарын өткізудің жаңа форматын қалыптастыруға бағытталған ISU тарихындағы ең ірі бастамалардың бірі ретінде бағалануда.



