Темірлан Әбдірайымов қазіргі бессайыстан Әлем кубогы кезеңінің жартылай финалына жолдама алды

Қазақстандық спортшы Темірлан Әбдірайымов Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан қазіргі бессайыстан Әлем кубогы кезеңінде іріктеу сынын сәтті еңсерді.
Отандасымыз А біліктілік тобында өнер көрсетіп, бес сайыс қорытындысы бойынша 1563 ұпай жинады. Бұл нәтиже оған 34 қатысушының арасында алтыншы орын алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде Темірлан Әбдірайымов турнирдің жартылай финалына жолдама иеленді.
Осы топта Қазақстан атынан Лев Чувашов та бақ сынады. Алайда ол 1517 ұпаймен 18-орынға тұрақтап, жарысты іріктеу кезеңінде аяқтады.
Ал D біліктілік тобында өнер көрсеткен қазақстандық спортшылар Константин Сычев пен Кирилл Стадник келесі кезеңге өте алмады. Сычев өз тобында 27-орын алса, Стадник 33-сатыға жайғасты.
Осылайша, Қазақстан құрамасынан қазіргі уақытта Әлем кубогы кезеңінің жартылай финалына жолдама алған жалғыз спортшы – Темірлан Әбдірайымов. Енді ол турнирдің келесі кезеңінде финал жолдамасы үшін бақ сынайды.



