Қазақстан құрамасының жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысатын құрамы жарияланды

Қазақстанның жеңіл атлетика құрамасының бапкерлер штабы Қытайдың Ордос қаласында өтетін жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың тізімін бекітті.
Құрлық біріншілігінде Қазақстан намысын 21 спортшы қорғайды. Ұлттық құраманың сапына жүгіру, секіру, спорттық жүріс және көпсайыс түрлері бойынша елдің үздік жас атлеттері енді.
Орта қашықтыққа жүгіруде Аяна Болатбекқызы, Александр Жигарь, Ақбаян Нұрмамет және Виктория Сукачева бақ сынайды. Кедергілер арқылы жүгіру бағдарламасында Ринат Кулыгин, Бағжан Серікқан, Анастасия Цвиркунова, Екатерина Колода және Ақбілек Құралбай өнер көрсетеді.
Спринттік қашықтықтарда Мария Шувалова, Анна Шумило, Екатерина Пузырёва, Дарья Гридасова және Татьяна Но ел намысын қорғайды. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы 4х100 және 4х400 метрлік эстафеталарға қатысады.
Секіру түрлерінде Фаина Мейірманова (биіктікке секіру), Диляра Хайбуллина (ұзындыққа және үш қарғып секіру), Максим Балабин (сырықпен секіру) және Анастасия Рыпакова (ұзындыққа секіру) жүлделер үшін таласады.
Спорттық жүрісте Ясмина Тоқсанбаева мен Эльмира Калимуллина 20 шақырым қашықтықта жарысқа түседі. Ал Алина Чистякова жетісайыс бағдарламасында бақ сынайды.
Айта кетейік, жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионаты 9-12 шілде аралығында Қытайдың Ордос қаласында өтеді. Турнирде құрлықтың үздік жас спортшылары бас қосып, чемпиондық атақтар мен жүлделерді сарапқа салады.



