
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Мажарстанға қарсы жолдастық кездесу қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, команданың дайындығы туралы пікір білдірді.
Маманның айтуынша, Арменияға қарсы өткен матчта бірнеше жас ойыншыға мүмкіндік беріліп, олардың деңгейі тексерілген.
– Армениямен болған кездесуде жоспар бойынша жас футболшыларға мүмкіндік бердік. Жасұлан Әмір негізгі құрамда алаңға шықты, сондай-ақ бірнеше дебютант өнер көрсетті. Футболшылар өз мүмкіндіктерін көрсетуге тырысты және дайындық деңгейін байқатты. Бұл бізді қуантады. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп екенін түсінеміз, – деді бас бапкер.
Талғат Байсуфинов Мажарстан құрамасының қазіргі деңгейіне де тоқталды. Оның сөзінше, қарсылас соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеп, Еуропадағы мықты ұжымдардың біріне айналған.
– Мажарстан құрамасы бүгінде өте жақсы деңгейде ойнап жүр. Жаңа бапкердің жетекшілігімен өз ойын стилін қалыптастырған мықты командаға айналды. Біз үшін бұл матч өте маңызды. Бұл оқу-жаттығу жиынын күзде өтетін ресми кездесулерге дайындық ретінде пайдаланып жатырмыз. Армениямен ойнадық, енді Мажарстанмен болатын матч та біз үшін пайдалы сынақ болады, – деді ол.
Қазақстан құрамасының бапкері нәтижеден бөлек, команданың ойын жүйесін жетілдіру маңызды екенін атап өтті.
– Қарсыластың күшін жақсы білеміз. Бірақ ең бастысы – өз ойынымызды көрсету. Нәтиже қандай болса да, команда ретінде дамып, ойын жүйесін тұрақтандыруымыз қажет, – деп түйіндеді Талғат Байсуфинов.



