
Эстонияның Таллин қаласында дзюдодан European Open сериясының халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстан құрамасы жарысқа жеті спортшыны қатыстырып, олардың тек біреуі ғана жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ардақ Серіков қола медаль үшін белдесуге дейін жетті. Алайда шешуші кездесуде ол Украина өкілі Федор Ярошенкоға есе жіберіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Қазақстан құрамасының өзге спортшылары турнирді ертерек аяқтады. Дәурен Сүйкенов (60 келіге дейін), Табылды Биғамбаев (66 келіге дейін), Оразгелді Оралов (81 келіге дейін) және Сымбат Тағай (48 келіге дейін) алғашқы белдесулерінде жеңіліп қалды.
73 келіге дейінгі салмақта Ернар Кеңесқан үшінші айналымға дейін жеткенімен, ирландиялық Джошуа Гринге жол берді. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық дзюдошы Мағжан Әлжанов жарысты екінші айналымда аяқтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Таллиндегі European Open турнирінде медаль жеңе алмады. Дегенмен халықаралық жарыс спортшылар үшін тәжірибе жинап, алдағы маңызды додаларға дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік берді.



