ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстанның U-19 құрамасы Сербияны жеңіп, келесі кезеңге шықты

Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі екінші матчында Сербияны 3:1 есебімен жеңіп, өз тобында бірінші орынға көтерілді.

Кездесу сербиялықтардың белсенділігімен басталды. Матчтың 9-минутында Давид Милованович есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Алайда қазақстандық футболшылар тез ес жиып, 25-минутта Төре Исмағұлов таразы басын теңестірді.

Екінші таймда Қазақстан құрамасы ойын тізгінін толық өз қолына алды. 47-минутта Исмаил Бекболат мергендік танытып, командасын алға шығарды. Араға төрт минут салып шабуылшы тағы бір гол соғып, дубль авторы атанды.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Сербияны 3:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Айта кетейік, қазақстандық жасөспірімдер алғашқы турда Португалия құрамасымен 1:1 есебімен тең ойнап, сенсациялық нәтиже көрсеткен болатын. Екі тур қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы төрт ұпай жинап, өз тобында бірінші орынға шықты.

Сондай-ақ қазақстандық футболшылар іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, келесі кезеңге жолдама алған алғашқы командалардың бірі атанды. Бұл нәтиже соңғы жылдардағы қазақстандық жасөспірімдер футболының ең ірі жетістіктерінің бірі саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button