
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан халықаралық рейтингтік турнирде Қазақстан құрамасының қоржыны тағы үш медальмен толықты.
Кезекті жарыс күнінде қазақстандық балуандар үш қола жүлдеге қол жеткізді.
Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта белдескен Еркебұлан Ардақов үшінші орын үшін өткен кездесуде Оңтүстік Корея өкілі Хёнун Чхвені жеңіп, қола медаль иеленді.
130 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Олжас Сырлыбай да жүлдегерлер қатарына қосылды. Қазақстандық балуан үндістандық Джогиндер Ратхиді жеңіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Әйелдер күресінде 57 келіге дейінгі салмақта Нилуфар Раимова қола медаль үшін өткен белдесуде Сингапур спортшысы Даниэль Сью Чинг Лимнен басым түсіп, жүлдеге қол жеткізді.
Ал 50 келіге дейінгі салмақтағы Марал Тәңірбергенова қола медаль үшін өткен кездесуде қарсыласына жол беріп, жүлдесіз қалды.
Сондай-ақ 72 келіге дейінгі салмақта белдесетін Жәмила Бақбергенова жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Ол үшінші орын үшін күресуі тиіс болғанымен, жарақатына байланысты турнирден шығып қалды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының өкілі Нұрасыл Аманалы 97 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алған болатын. Осылайша, қазақстандық балуандар Ұлан-Батырдағы рейтингтік турнирде жүлде қорын толықтыруды жалғастырып жатыр.



