
Қазақстандық теннисші Анна Данилина Францияның Париж қаласында өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің әйелдер арасындағы жұптық сынында финалға жолдама алды.
Жартылай финалда қазақстандық спортшы сербиялық Александра Круничпен бірге жапониялық Сюко Аояма және Тайбэй өкілі Лян Энь Шуо жұбына қарсы кортқа шықты.
Финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Данилина мен Крунич сенімді ойын көрсетіп, қарсыластарын екі сетте жеңді. Матч 7:5, 6:2 есебімен аяқталды.
Осы жеңістің арқасында қазақстандық- сербиялық жұп турнирдің шешуші кезеңіне өтті. Енді чемпиондық атақ үшін олар америкалық Тэйлор Таунсенд мен чехиялық Катерина Синяковадан құралған жұппен кездеседі.
Анна Данилина үшін бұл «Ролан Гаррос» турниріндегі ең ірі жетістіктердің бірі болып отыр. Қазақстандық теннисші енді «Үлкен дулыға» турнирінің чемпиондық атағы үшін таласады.



