
Қазақстандық теннисші Анна Данилина Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінде сәтті өнер көрсетіп, әйелдер арасындағы жұптық сында жартылай финалға шықты.
Қазақстандық спортшы сербиялық Александра Круничпен жұп құрап өнер көрсетуде. Ширек финалда Данилина мен Крунич аустралиялық Эллен Перес және нидерландтық Деми Схурстен құралған жұпты жеңді.
Кездесу екі сетке созылып, Данилина мен оның серіктесі 6:2, 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Осы жеңістің арқасында олар турнирдің үздік төрт жұбының қатарына енді.
Жартылай финалда қазақстандық- сербиялық жұп жапониялық Сюко Аояма мен Тайбэй өкілі Лян Энь Шуоға қарсы кортқа шығады.
Анна Данилина үшін бұл матч «Ролан Гаррос» турнирінің финалына шығу жолындағы шешуші кездесулердің бірі болмақ.



