ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Тоқаев «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясының жұмысымен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында орналасқан «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық футбол академиясына барып, оның қызметімен танысты.

Мемлекет басшысы алдымен 180 орынға арналған жатақхананы аралап көрді. Қазіргі уақытта академияда еліміздің әр өңірінен келген 116 жас футболшы білім алып, жаттығуда. Академияға қабылдау испандық мамандардың қатысуымен жүргізілген, ал іріктеуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 4 мыңнан астам бала қатысқан.

Президентке орталықтағы оқу-жаттығу процесі мен жас спортшыларға жасалған жағдайлар таныстырылды. Академияда балалардың білім алуына, спорттық даярлығына және тұрмыстық қажеттіліктеріне қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны одан әрі дамыту жоспары ұсынылды. Жоба аясында жасанды жабындысы бар екі футбол алаңын, 500 орындық жабық манежді және жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешенді салу жоспарланған.

Кездесу барысында академия орналасқан жердің табиғи ерекшеліктері де сөз болды. Талғар ауданындағы таза тау ауасы мен қолайлы климат жас спортшылардың физикалық қалпына келуіне оң әсер етеді деп атап өтілді.

Президент FIFA талаптарына сәйкес келетін футбол алаңын аралап, жас футболшылардың жаттығуын тамашалады. Академия тәрбиеленушілері испандық әдістеме бойынша допты меңгеру техникасы мен командалық әрекеттерді жетілдіру бағытында дайындық жүргізді.

Сапар соңында Мемлекет басшысы академия тәрбиеленушілерімен әңгімелесіп, естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды.

Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» клубының директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья және клубтың академиялық бағдарламалар мен халықаралық даму жөніндегі басшылығының өкілдері қатысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button