
Біріккен Күрес Әлемі (UWW) ұйымы Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтетін халықаралық рейтингтік турнирге қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.
4-7 маусым аралығында өтетін дүбірлі додада Қазақстан құрамасының балуандары да жүлделерді сарапқа салады. Ел намысын грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша ондаған спортшы қорғайды.
Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта Досжан Өтепқалиев пен Еркебұлан Ардақов өнер көрсетеді. 97 келіде Нұрасыл Аманалы бақ сынаса, аса ауыр салмақта Әлішер Ерғали мен Олжас Сырлыбай күреседі.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы кең құраммен қатысады. Команда сапында Абзал Өкенов, Мейрамбек Қартбай, Мерей Базарбаев, Асыл Айтақын, Қалмұхан Тұрмаханбет, Айбек Айтбеков, Ибрагим Магомадов, Өсімжан Дастанбек, Родион Анчугин, Санжар Досжанов, Ерлан Шәкішов, Нұрданат Айтанов, Мансұр Қуанған, Шамиль Ожаев, Болат Сақаев, Алматбек Аманбек, Азамат Дәулетбеков, Нұрдәулет Бекенов және Едіге Қасымбек бар.
Әйелдер күресінен Зейнеп Баянова, Марал Тәңірбергенова, Лаура Алмағанбетова, Нилуфар Раимова, Ирина Казюлина, Жәмила Бақбергенова, Эльмира Сыздықова және Гүлмарал Еркебаева Қазақстан атынан кілемге шығады.
Ұлан-Батырдағы рейтингтік турнир әлемнің үздік балуандарын жинайтын маңызды жарыстардың бірі саналады. Бұл дода спортшыларға әлемдік рейтингтегі ұпай қорын толықтыруға мүмкіндік береді.



