Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында жеті медаль жеңіп алды

Гонконгта өткен жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Құрлықтық додада Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп, жалпы саны жеті медаль еншіледі.
Ұлттық құраманың қоржынында бір алтын, екі күміс және төрт қола жүлде бар.
Чемпионаттағы жалғыз алтын медальді Максим Сажнев жеңіп алды. Ол диск лақтыру сайысында 60,45 метр нәтиже көрсетіп, қарсыластарынан озық шықты. Сонымен қатар бұл көрсеткіш U20 санатындағы Қазақстанның жаңа рекорды ретінде тіркелді.
Күміс медальді Анна Черкашина сырықпен секіру жарысында иеленді. Сондай-ақ әйелдер құрамасы 4х400 метрлік эстафетада мәреге екінші болып жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қола медальдарға Мария Щипачева (үш қарғып секіру), Алина Головина (100 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Маргарита Косинова (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және Асқар Өмірзақ (онсайыс) ие болды.
Осылайша, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатын жеті медальмен аяқтап, құрлықтық деңгейдегі бәсекеде жоғары нәтиже көрсетті.



