
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының бірқатар футболшылары Шымкент қаласындағы қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына арнайы барып, бүлдіршіндермен кездесті.
Іс-шараға ұлттық құрама ойыншылары Нұралы Әліп, Сергей Малый, Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов, Жасұлан Әмір және Мағжан Тоқтыбай қатысты. Футболшылар балалармен бірге уақыт өткізіп, жасыл алаңда доп теуіп, еркін форматта әңгімелесті.
Кездесу барысында балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, танымал спортшылармен естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Ал футболшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға ақжарма тілектерін жеткізді.
Шараның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, оларды спортпен айналысуға ынталандыру болды.
Кездесу соңында ұлттық құрама ойыншылары балаларға Қазақстан құрамасының жейделері мен арнайы естелік сыйлықтар тарту етті.
Қазақстан футбол федерациясы барша бүлдіршіндерді Балаларды қорғау күнімен құттықтап, әр балаға бақытты балалық шақ пен жарқын болашақ тіледі.



