
Қазақстан Премьер-лигасының 12-туры чемпионаттағы күштер арақатынасын өзгертіп жіберді. Турдың басты оқиғасы Шымкентте өтті. Көшбасшылар қатарындағы «Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы кездесуде алаң иелері маңызды жеңіске жетіп, турнир кестесінің бірінші сатысына көтерілді.
Турдың орталық матчында есепті алғаш болып қонақтар ашты. 14-минутта Жоржиньо дәл соққымен алматылықтарды алға шығарды. Алайда шымкенттіктер жылдам жауап қайтарды. Бұрыштамадан кейін Гай-Марселин Килама таразы басын теңестірді. Екінші таймда алаңға шыққан Лео Нател ұйымдастырған шабуылды Эльхан Астанов нәтижелі аяқтап, «Ордабасына» жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 2:1.
Бұл нәтиже Андрей Мартин шәкірттерін чемпионат көшбасшысына айналдырды. Ал «Қайрат» екінші орынға сырғыды.
Турда тағы бір сенсациялық нәтиже Өскеменде тіркелді. Чемпиондыққа үміткер «Астана» сырт алаңда «Алтайды» жеңе алмады. Рамазан Кәрімов есеп ашқанымен, Дмитрий Шмидт жауап голын соғып, матч 1:1 есебімен аяқталды. Осылайша елордалық клуб кезекті мәрте ұпай жоғалтып, көшбасшылардан алыстай түсті.
Көкшетауда өткен тартысты кездесуде «Оқжетпес» соңғы секундтарда жеңілістен құтылды. «Ақтөбе» сапынан Виталий Латурнус дубль жасағанымен, қосымша уақытта Борис Лотоцкийдің голы алаң иелеріне бір ұпай әперді – 2:2.
Қызылордада өткен матчта «Елімай» маңызды жеңіске қол жеткізді. Семейлік клуб «Қайсарды» 3:2 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты. Бұл жеңіс Андрей Карпович командасын үздік төрттікке бір қадам жақындатты.
Петропавлда жанкүйерлер нағыз драмалық матчтың куәсі болды. «Қызылжар» соңғы минуттарда жеңісті жұлып әкетті. Этьен Бугре қос гол соғып, командасына «Жетісу» үстінен 3:2 есебімен жеңіс сыйлады.
Турдың басқа матчтарында «Ертіс» пен «Ұлытау» 1:1 есебімен тең түссе, «Атырау» мен «Тобыл» да жеңімпазды анықтай алмады – 1:1. Ал «Жеңіс» өз алаңында «Каспийді» 1:0 есебімен ұтып, маңызды үш ұпайға ие болды.
Осылайша, 12-турдан кейін чемпионатта жаңа көшбасшы пайда болды. «Ордабасы» бірінші орынға көтерілсе, «Қайрат» екінші орынға түсті. «Оқжетпес» үздік үштіктегі орнын сақтап қалды, ал «Елімай» көшбасшылар тобына жақындай түсті.



