Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын бір қола медальмен аяқтады

Қытайдың Чунцин қаласында өткен жеңіл атлетикадан секіру дисциплиналары бойынша алғашқы Азия чемпионаты мәресіне жетті.
Құрлықтық додада Қазақстан құрамасы сапында бес спортшы өнер көрсетті.
Ұлттық құрамадағы ең үздік нәтижені Елизавета Матвеева тіркеді. Ол биіктікке секіруде 180 сантиметр нәтижемен қола медаль жеңіп алды. Осы бағдарламада Надежда Дубовицкая 175 сантиметр көрсеткішпен тоғызыншы орынға тұрақтады.
Үш қарғып секіруден Мария Ефремова 13,32 метр нәтижемен бесінші орын иеленді. Полина Иванова сырықпен секіруде 4,10 метр көрсеткіш көрсетіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Ал ұзындыққа секіруден сынға түскен Анастасия Рыпакова 5,52 метр нәтижемен қорытынды хаттамада 12-орынға жайғасты.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бір қола медальмен сегізінші орын алды. Командалық есепте Қытай құрамасы көш бастады — 5 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы жайғасса, үздік үштікті Қатар құрамасы түйіндеді.



