Ташкент қаласында өтіп жатқан бокстан U-15 санатындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.
Құрлық біріншілігінің қорытындысы бойынша қазақстандық боксшылар 24 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 7 алтын, 8 күміс және 9 қола жүлде бар.
Жалпы есепте Өзбекстан құрамасы бірінші орын алды. Алаң иелері 13 алтын, 8 күміс және 6 қола медаль еншіледі. Екінші орын Үндістан құрамасына бұйырды.
Қазақстанның ұлдар құрамасы жарысты 10 медальмен аяқтады:
- 5 алтын
- 3 күміс
- 2 қола
Азия чемпионы атанған қазақстандықтар:
- Бейбарыс Қойшыбай (43 келі)
- Нұрислам Бактубаев (55 келі)
- Рауан Тоғызбай (61 келі)
- Аманжан Жанай (67 келі)
- Аян Бауыржан (70 келі)
Финалдық жекпе-жектерде отандастарымыз Үндістан мен Өзбекстан боксшыларынан басым түсті.
Күміс медаль иегерлері:
- Саят Рахымберді (33 келі)
- Жақсылық Ермекұлы (35 келі)
- Айбын Мәжит (+70 келі)
Қыздар құрамасы да жоғары нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.
Азия чемпиондары атанғандар:
- Самал Төлепберген (52 келі)
- Нұргүл Сахи (67 келі)
Ал Нұржанат Бекназар, Сабрина Адилханова, Аруна Шалман, Айару Файзуллаева және Көркем Ғалым күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Ташкенттегі Азия чемпионаты U-15 және U-17 жас санаттары бойынша өтіп жатыр. Турнир 15 мамырда аяқталады.



