БОКСТРЕНДТЕ

ХОК 2028 жылғы Олимпиадаға арналған бокстан іріктеу жүйесін бекітті

Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) World Boxing ұйымы ұсынған 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына арналған бокстан іріктеу жүйесін ресми түрде бекітті.

Жаңа жүйеге сәйкес, Олимпиада тарихында алғаш рет бокста толық гендерлік теңдік сақталады. Ерлер мен әйелдер жеті салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. Жалпы жарысқа 248 спортшы қатысады — 124 ер боксшы және 124 әйел боксшы.

Іріктеу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады. Олимпиада жолдамалары үш әлемдік турнир мен бес құрлықтық жарыста сарапқа салынады.

Іріктеу кезеңі 2027 жылы Қазақстанда өтетін World Boxing әлем чемпионатымен басталады. Одан кейін 2027 және 2028 жылдары құрлықтық іріктеу турнирлері ұйымдастырылады.

Ал Олимпиадаға іріктеу 2028 жылғы екі әлемдік квалификациялық турнирмен аяқталады. Жақын уақытта World Boxing аталған жарыстарды өткізуге өтінім қабылдауды бастайды.

Сондай-ақ World Boxing 2028 жылғы Олимпиада ойындарындағы бокс турнирін толық бақылауына алады.

Лос-Анджелес Олимпиадасындағы салмақ дәрежелері:

Ерлер:

  • 55 келіге дейін
  • 60 келіге дейін
  • 65 келіге дейін
  • 70 келіге дейін
  • 80 келіге дейін
  • 90 келіге дейін
  • 90 келіден жоғары

Әйелдер:

  • 51 келіге дейін
  • 54 келіге дейін
  • 57 келіге дейін
  • 60 келіге дейін
  • 65 келіге дейін
  • 70 келіге дейін
  • 75 келіден жоғары

Айта кетейік, World Boxing ұйымы 2023 жылдың сәуір айында құрылған. 2025 жылдың ақпанында ұйым Олимпиада қозғалысындағы халықаралық федерация ретінде уақытша мойындалды.

Ал 2025 жылдың қарашасында Геннадий Головкин Римде өткен ұйым конгресінде World Boxing президенті болып сайланып, халықаралық спорт федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық атанды.

2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы 14–30 шілде аралығында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button