
Қазақстан құрамасының екі дзюдошысы Астанада өтіп жатқан Grand Slam турнирінің финалына жолдама алды.
78 келіден жоғары салмақта Камила Берліқаш жартылай финалда отандасы Аида Тойшыбекованы жеңіп, алтын медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды. Финалда қазақстандық спортшы ресейлік Элис Старцевамен кездеседі. Ал Аида Тойшыбекова қола жүлде үшін италиялық Тизиана Мариниге қарсы татамиге шығады.
Сондай-ақ 100 келіге дейінгі салмақта Марат Байқамуров жартылай финалда нидерландтық Михаэль Коррелден басым түсіп, финалға шықты. Оның шешуші белдесудегі қарсыласы молдовалық Вадим Гимбовски болады.
90 келіге дейінгі салмақта Айдар Арапов жұбаныш белдесуінде франциялық Алекса Митровичті жеңіп, қола медаль үшін күресу мүмкіндігін сақтап қалды. Енді ол нидерландтық Франк де Витпен кездеседі.
Ал Екатерина Токарева 78 келіге дейінгі салмақта жұбаныш кезеңінде литвалық Мигле Юлия Дуденайтені жеңіп, қола жүлде үшін өтетін белдесуге жолдама алды. Оның қарсыласы — франциялық Лиз Нгелебея.



