
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing ұйымының бастамасымен өткен бокстан Әлем кубогының кезеңі мәресіне жетті.
Финалдық күннің кешкі сессиясында қазақстандық үш боксшы алтын жүлде үшін шаршы алаңға шықты.
80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова Венгрия өкілі Жофия Сираны 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды.
85 келіге дейінгі салмақта Сұлтанбек Айбарұлы бразилиялық Кауе Белиниден 4:1 есебімен басым түсіп, тағы бір алтын медальді ел қоржынына салды.
Ал 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева финалда өзбекстандық Навбахор Хамидоваға 0:5 есебімен есе жіберді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирді үш алтын, бір күміс және үш қола медальмен аяқтады. Бұған дейін Виктория Графеева (60 келіге дейін) чемпион атанса, Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін) және Диас Молжігітов (80 келіге дейін) қола жүлдеге ие болған еді.
Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Бразилия (4 алтын, 5 күміс) иеленсе, екінші орын Қытай құрамасына бұйырды (4 алтын, 1 қола).



