
Қазақстанның жасөспірімдер хоккей құрамасы Польшадағы Крыница қаласында өтіп жатқан IA дивизионы әлем чемпионатындағы екінші ойынын өткізді.
Бұл кездесуде отандастарымыз алаң иелері — Польша құрамасына қарсы шықты. Матчты қарсыластар бастап, есеп ашқанымен, қазақстандық хоккейшілер тез ес жиып, жауап ретінде екі шайба соқты.
Екінші кезеңде командалар бір-бір шайбадан алмасты. Ал үшінші кезеңде Қазақстан құрамасы толық басымдық танытып, қарсылас қақпасына жауапсыз жеті шайба енгізді. Нәтижесінде ойын 10:2 есебімен біздің құраманың пайдасына аяқталды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирдегі екінші ойынында да жеңіске жетті. Бұған дейін отандастарымыз Венгрия құрамасын 5:2 есебімен ұтқан еді.
Келесі кездесуде Максим Худяков баптайтын команда 21 сәуір күні Украина құрамасына қарсы ойнайды. Матч Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.



