
Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұлов алтын медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақтағы финалда отандасымыз үндістандық Сачин Сачинге қарсы айқаста жеңіске жетті.
Алғашқы раундта қарсыласы 5:0 есебімен басым түсті. Екінші раундта Асылқұлов қарқынын арттырып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Шешуші үшінші раундта қазақстандық боксшы шабуылда белсенділік танытып, нәтижелі соққыларымен ерекшеленді.
Нәтижесінде төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен жеңіс Оразбек Асылқұловқа берілді.
Осылайша, қазақстандық спортшы ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын медальді салды.



