
Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында финалға жолдама алды.
75 келіге дейінгі салмақта ол жартылай финалда моңғолиялық Далай Ганзоригке үстемдік танытты. Алғашқы раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберсе, екінші раундта тағы бір мәрте ауыр соққы дарытты.
Нәтижесінде төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатып, жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.
Финалда Сабыржан Аққалықов өзбекстандық Джавохир Абдурахимовке қарсы алтын медаль үшін бақ сынайды.



