
Қазақстан футбол федерациясының ұйымдастыруымен 10–12 наурыз аралығында ҚФФ кеңсесінде УЕФА өкілдерінің жұмыс сапары өтуде.
Қазақстанға УЕФА президентінің кеңесшісі Йозеф Климент және УЕФА-ның стадион инфрақұрылымын дамыту жөніндегі аға сарапшысы Пьетро Кьябрера келді. Сапардың басты мақсаты – стадиондарды лицензиялау талаптарын талқылап, инфрақұрылымдық жобалармен танысу.
Бағдарламаның алғашқы күні Өскемен мен Ақтау қалаларында салынуы жоспарланған жаңа стадиондардың жобалары ұсынылды. Кездесуге жобалаушылар мен жауапты мамандар қатысып, нысандардың негізгі параметрлері таныстырылды.
Талқылау барысында стадиондардың орналасатын жері, сыйымдылығы, жалпы инфрақұрылымы және УЕФА талаптарына сәйкестігі қарастырылды. Сондай-ақ әр жоба бойынша техникалық шешімдер мен құрылысты іске асыру кезеңдері сөз болды.
Жобалардың басты мақсаты – болашақ стадиондардың УЕФА стандарттарына толық сай келіп, халықаралық деңгейдегі матчтар мен турнирлерді қабылдауға мүмкіндік беру.



