
Алматыда өткен футзалдан Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіндегі үшінші финалдық матч жанкүйерлерге нағыз драма сыйлады.
«Қайрат» пен «Семей» арасындағы негізгі және қосымша уақыт 3:3 есебімен аяқталды. Ал пенальти сериясында алматылық клуб 5:4 есебімен басым түсті.
Бұған дейінгі кездесулерде қос команда Семейде бір-бір жеңіске қол жеткізген еді: алғашқы матчта «Семей» 1:0 есебімен жеңсе, екінші ойында «Қайрат» 5:3 есебімен жауап қайтарды. Осылайша, сериядағы есеп 2:1 болып, «Қайрат» алға шықты.
Финалдың төртінші ойыны 29 маусымда Алматыда өтеді. Егер серия теңессе, шешуші бесінші матч 5 шілдеде Семейде ұйымдастырылады.