
Сиань (Қытай) қаласында әртістік жүзуден World Aquatics ұйымының қолдауымен өткен Әлем кубогының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Маусымның қорытынды сайысында әлемнің үздік спортшыларымен қатар Қазақстан құрамасының өкілдері де өнер көрсетті.
Өз жерінде өткен кезеңде Қытай құрамасы сенімді өнер көрсетіп, алтын медальдардың басым бөлігін жеңіп алды. Бұл турнирде спортшылардың алған жүлделері ерекше мәнге ие болды. Себебі олар Әлем кубогының жалпы есебіндегі орынды анықтауда шешуші рөл атқарды.
Жалпы есепке маусым барысында өткен барлық кезеңдердегі нәтижелер енгізілді. Биылғы жарыс күнтізбесінде төрт Әлем кубогының кезеңі өтті. Маусым бойы Қазақстан құрамасы жоғары нәтижелер көрсетті. Бұл отандастарымызға Кубокты көшбасшылар қатарында аяқтауға мүмкіндік берді.