Спорт Министрі | Қазақстан Лозаннада өткен ХОК ұйымдастырған спортшылардың халықаралық форумына қатысты
БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан Лозаннада өткен ХОК ұйымдастырған спортшылардың халықаралық форумына қатысты

Швейцарияның Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) Спортшылар комиссиясы ұйымдастырған спортшылардың 12-ші Халықаралық форумы өтті.

Форумға 400-ден астам делегация қатысты. Олардың қатарында 200 Ұлттық Олимпиадалық комитетінің, 54 Халықаралық федерацияның, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің, Халықаралық Паралимпиада комитетінің, болашақ Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеттерінің және құрлықтық қауымдастықтардың өкілдері болды.

Форумда Қазақстан ҰОК атынан PR және маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шүкенова және Спортшылар комиссиясының мүшесі, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин қатысты.

Лозаннада өткен іс-шарада қатысушылар спортшыларды қолдау бағытындағы қазіргі және болашақтағы бастамаларды талқылады – оған Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламалары мен Athlete365 платформасының білім беру қызметтері, тәлімгерлік, мансаптық бейімделу мен психологиялық саулықты сақтау шаралары кірді.

Форумда Спортшылар комиссиясының рөлі, цифрлық құралдарды дамыту және атлеттердің бұқарамен байланысы мен олимпиадалық құндылықтарды насихаттаудағы әлеуметтік белсенділігіне де ерекше назар аударылды. Сонымен қатар спортшылардың құқықтары мен міндеттері декларациясын іске асыру және спортты басқаруға спортшылардың барлық деңгейде қатысуы мәселелері қозғалды.

«Форум елдер арасындағы тәжірибе алмасудың маңызды алаңы болды. Біз спортшыларды белсенді спорттық мансап кезінде де, мансабы аяқталғаннан кейін де қолдау жүйесінің қалай құрылатынын жаһандық деңгейде көрдік. Мұндай кездесулер Қазақстанда, әсіресе Спортшылар комиссиясымен жұмыс істеу және спортшылардың мансаптық дамуы бойынша қандай құралдар мен тәсілдерді бейімдеуге болатынын жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді», – деді Гүлназ Шүкенова.

Дмитрий Баландин форум барысында алған мәліметтерін өз қызметінде қолдануды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Бұрынғы спортшы әрі Комиссия мүшесі ретінде форумға қатысу – бүгінгі спортшылар қандай қиындықтарға тап болып жатқанын түсінудің жақсы мүмкіндігі болды. Мұнда тек жарысқа дайындық емес, спорттан кейінгі өмірде де спортшыларға қалай көмектесу керектігі жайлы тақырыптардың көтерілуі өте маңызды. Біз білім беру бағдарламаларынан бастап, тәлімгерлік пен спортты басқаруға қатысуға дейінгі жүйелі қолдау мысалдарын көрдік», – деді Олимпиада чемпионы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button