
Бүгін Қазақстан футбол құрамасы сырт алаңда Беларусь құрамасына қарсы жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды SportM.kz.
Ойын Борисов қаласындағы «Борисов-арена» стадионында өтеді. Басталуы – қазақстандық уақытпен 21:50. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ұлттық құрама бұл матчқа бірқатар негізгі ойыншыларынсыз шығады. Жарақат, денсаулық және отбасы жағдайларына байланысты Серікжан Мужиков, Әлібек Қасым, Бақтиер Зайнутдинов, Айбар Жақсылықов пен Роман Асранқұлов кездесуге қатыспайды.
Дастан Сәтпаев бастапқыда ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына қатысқанымен, кейін 21 жасқа дейінгі жастар құрамасына қосылды. Ол енді 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Андорраға қарсы ойында бақ сынайды.
Қос құрама бұған дейін жеті рет жолыққан. Төрт ойында Беларусь басым түссе, екі матч тең аяқталған. Қазақстан бір мәрте жеңіске жеткен.