
Қазақстандық дзюдошылар Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирінде тоғыз медаль жеңіп алды, деп хабарлайды sportm.kz тілшісі.
Астанада дзюдодан өткен әлемдік деңгейдегі Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі өз мәресіне жетті. Жарысқа 44 елден келген 358 спортшы 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпионатының жеңімпаздары да болды.
Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте тоғызыншы орынды иеленіп, қоржынға 3 күміс және 6 қола медаль салды.
Қазақстандық жүлдегерлер тізімі:
- Ғұсман Қырғызбаев — күміс (66 келіге дейін)
- Талғат Орынбасар — күміс (60 келіге дейін)
- Ерасыл Қажыбаев — күміс (100 келіден жоғары)
- Мағжан Шамшадин — қола (60 келіге дейін)
- Аман Бақытжан — қола (60 келіге дейін)
- Есет Қуанов — қола (73 келіге дейін)
- Абылайхан Жұбаназар — қола (81 келіге дейін)
- Бақжан Байтас — қола (100 келіге дейін)
- Марат Байқамұров — қола (100 келіге дейін)
Жалпы медаль кестесінде:
- IJF құрамасы — 3 алтын, 2 күміс (1-орын)
- Оңтүстік Корея — 3 алтын (2-орын)
- Жапония — 2 алтын, 4 күміс, 1 қола (3-орын)