БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан мен Дүниежүзілік ойындар халықаралық қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бұл құжатқа 2025 жылғы Дүниежүзілік ойындар аясында Чэнду қаласында қол қойылды. Оған Дүниежүзілік ойындар халықаралық қауымдастықтың (IWGA) президенті Хосе Перурэна мен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев қол қойды.

Кездесуге IWGA вице-президенті Том Дилен, ұйымның бас директоры Йоахим Госсов және бас директордың орынбасары Гийом Фелли де қатысты. Тараптар спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, Дүниежүзілік ойындарды бірлесіп ілгерілетуге және олимпиадалық бағдарламадан тыс спорт түрлерінің өкілдерін қолдауға ниетті екенін растады.

Меморандумда Қазақстан ұлттық құрамасының Дүниежүзілік ойындарға қатысуын қолдау, маркетинг, медиа және телехабар тарату салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, сондай-ақ тараптар арасындағы кәсіби байланыстарды дамыту көзделген.

Кездесу барысында Қазақстан құрамасының Дүниежүзілік ойындардағы табысты тәжірибесіне, спорттық инфрақұрылымды дамытуға және елдегі спортты мемлекеттік қолдау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Тараптар Чэнду қаласында ұйымдастырылып отырған ойындардың жоғары деңгейін атап өтіп, қатысушылар мен қонақтарға жайлы жағдай жасауға үлес қосқан қабылдаушы тарапқа алғыс білдірді.

2025 жылғы Дүниежүзілік ойындар Чэнду қаласында 7–17 тамыз аралығында өтеді. Оған Қазақстаннан бірнеше спорт түрінен 30-дан астам спортшы қатысуда. Келесі, 2029 жылғы Дүниежүзілік ойындар Германияның Карлсруэ қаласында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button