Төрехан Сабырхан: Қазір жаңа салмаққа бейімделіп жатырмын

30 маусымда елордада бокстан Әлем кубогының кезекті кезеңі басталады. Алайда бұл додада ұлттық құраманың жас боксшысы Төрехан Сабырхан бақ сынамайды.
Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Төрехан бұл шешімнің себебін түсіндіріп, қазіргі дайындығы мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
— Дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. АҚШ құрамасының спортшыларымен бірге жаттығу өткізіп, бір-бірімізден пайдалы дүниелерді үйреніп жатырмыз. Қазір 67 келіден 70 келіге өтіп, жаңа салмаққа бейімделіп жатырмын. Бұл оңай емес, бірақ бапкерлерімнің көмегімен бар күшімді салып жатырмын, — дейді Сабырхан.
Алдағы турнирде оның орнына дәл осы салмақта Абылайхан Жүсіпов өнер көрсетеді. Жас боксшының айтуынша, Абылайханның тәжірибесі мол болғандықтан, бұл шешімді бапкерлер қабылдаған.
— Әзірге мен 70 келіде екінші нөмірлі боксшымын. Бірақ болашақта Азия чемпионаты секілді маңызды додаларға қатысу мүмкіндігім бар. Соған дайындалып жатырмын, — деді ол.
Жас спортшының басты мақсаты — жаңа салмаққа сәтті бейімделіп, ұлттық құрама сапында өз орнын бекіту.