БАСҚАЛАРЫ
Астанада жаз бойы ашық спорт жаттығулары өтеді
Астана қаласының Көктал паркінде жаз бойы әр демалыс сайын ашық спорттық-сауықтыру жаттығулары өтеді. Бұл шара «Астана – есірткісіз қала» акциясы мен «Заң және тәртіп» бастамасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жобаны Сарыарқа ауданының әкімдігі мен Астана қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы FitArenaWinox клубының қолдауымен іске асыруда.
Аталған басқарманың аға жедел уәкілі Дамир Байбазаровтың айтуынша, бұл бастама Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орай өткізіледі.
— Негізгі мақсат – халықты, әсіресе жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау. Жастар – болашағымыз. Сондықтан оларды есірткінің барлық түрінен қорғау – біздің міндетіміз, — деді ол.