
Республикалық «Алтайдан Оралға дейін» велошеруінің қатысушылары бүгін Семей қаласына келіп тоқтады, деп хабарлайды SportM.kz Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сүйеніп.
Абай облысының орталығында спортшыларды жергілікті тұрғындар, еңбек ұжымдары мен колледж студенттері ерекше құрметпен қарсы алды. Велошабандоздар орталық алаңға дейін жүріп өтіп, қала жұртшылығына саламатты өмір салты мен еңбек адамының беделін насихаттаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Шерудің бұл күнгі кезеңі 220 шақырымға созылды. Іс-шара жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және спортты кеңінен насихаттау мақсатында өткізіліп жатыр.
Айта кетейік, велошеру бағыты Қазақстанның сегіз өңірін қамтиды: Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары, Астана қаласы, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары. Шеру 8 маусым күні мәресіне жетпек.